Абай облысында этносаралық саладағы медиация бойынша оқыту тренингі өтті
2026 жылғы 21–22 мамыр күндері Абай облысында этносаралық қатынастар саласындағы жанжалдардың алдын алу және оларды реттеу бойынша тәжірибелік дағдыларды дамытуға арналған «Этносаралық саладағы медиация» атты екі күндік оқыту тренингі өткізілді.

Тренингке құқық қорғау органдарының өкілдері, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің қызметкерлері, достық үйлерінің директорлары, қоғамдық медиаторлар және этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Тренингтің сарапшы-лекторы ретінде «Парасат» медиаторлар және заңгерлер қауымдастығы» ҚБ директоры, медиация, келіссөздер және конфликт-менеджмент бойынша бағдарламалардың авторы және әзірлеушісі, «Этносаралық саладағы жанжалдардың алдын алу және оларды реттеу кезіндегі медиация (этномедиация)» бағдарламасының тең авторы, Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) ұлттық консультанты Мұхтар Мұханұлы Адаев сөз сөйледі.

16 сағаттық оқу бағдарламасы аясында қатысушылар этносаралық жанжалдарды реттеу кезіндегі медиацияның ерекшеліктерімен танысып, этномедиацияның технологиялары мен құралдарын меңгерді, медиативтік сессияны өткізудің негізгі кезеңдерін, сондай-ақ жанжалдарды талдау және диагностикалау әдістерін тәжірибе жүзінде қарастырды.
Бағдарлама барысында көпжақты келіссөздерді ұйымдастыру мен өткізудің ерекшеліктеріне, медиативтік тәсілдерді қолдануға және өңірде кездесетін этносаралық сипаттағы әлеуметтік жанжалдарды талдауға ерекше назар аударылды.

Оқыту интерактивті форматта өтіп, практикалық кейстерді талдау, жанжалдық жағдайларды модельдеу және топтық талқылауларды қамтыды.
Аталған тренинг қатысушылардың кәсіби құзыреттерін арттыруға, этносаралық келісімді нығайтуға және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы мемлекеттік және қоғамдық институттардың әлеуетін күшейтуге ықпал етті.
31.05.2026

Өтінім қалдыру
Біз сізге жақын арада хабарласамыз!
Байланыс
+7 777 397 1127
+7 705 984 1559
info@mediationparasat.kz
Алматы, Курмангазы 48А, 6 кеңсе
Made on
Tilda